Created: 02 Қыркүйек 2019
1023

Коммерциялық және қызметтік құпиясының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулық

ШЖҚ «Облыстық перинаталдық

орталық» МКК директорының

2017 жылғы  7 наурыздағы № 55

 бұйрығымен бекітілді

 

 

 

 

ШЖҚ «Облыстық перинаталдық орталық» МКК-ның

коммерциялық және қызметтік құпиясының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулық

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Орал қаласы, 2017 ж.

  1. Жалпы ережелер

 

  1. ШЖҚ «Облыстық перинаталдық орталық» МКК-ның коммерциялық және қызметтік құпиясының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі осы нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) Азаматтық кодекске, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құжаттарына сәйкес әзірленді және коммерциялық және қызметтік құпиясын қамтитын мәліметтер туралы жалпы нормаларды, сондай-ақ оларды заңсыз жариялаудан қорғауға бағытталған шараларды белгілейді.
  2. Басқаруға, қаржыға, технологиялық ақпаратқа және үшінші тұлғаларға белгісіз болғандықтан нақты немесе ықтимал коммерциялық құнды, заңды түрде рұқсат жоқ басқа да қызметке қатысты мәліметтер кәсіпорынның коммерциялық және қызметтік құпиясына жатады. Оларды заңды негізде алуға рұқсат жоқ, оларды жариялау (беру, тарату) Кәсіпорын мүддесіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Коммерциялық және қызметтік құпияны қамтитын мәліметтер тізбесі осы Нұсқаулықтың ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшада айқындалған.

  1. Коммерциялық және қызметтік құпияға келесілер жатпайды:

1) Кәсіпорынның құрылтай құжаттары;

2) бос жұмыс орындары, олардың саны мен санаты;

3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен, Кәсіпорынның Жарғысымен және басқа да ішкі құжаттарымен көзделген басқа да мәліметтер.

Міндетті жариялануы тиіс немесе Кәсіпорынның Жалғыз қатысушысына хабарлануы тиіс ақпараттар құрамы Кәсіпорынның Ақпараттық саясаты туралы ережесінде белгіленген.

  1. Коммерциялық және қызметтік құпияны қорғау дегеніміз – коммерциялық немесе қызметтік құпияға рұқсаты жоқ белгілі немесе белгісіз тұлғалар арасында жоғарыда аталған мәліметтерді кез келген формада жариялауға тыйым салу.

Азаматтардың құқығы мен мүддесі туралы айтылған құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көзімен тек қана құқығы мен мүддесі айтылған азамат, сондай-ақ мұндай ақпаратқа құқығы мен рұқсаты бар тұлғалар ғана таныса алады.

  1. Коммерциялық құпия жазылған құжаттарды, істерді және басылымдарды бөгде тұлғалардың алуын алдын алу мақсатында оларға «Құпия» белгісі қойылады, қызметтік құпия жазылған құжаттарға «Қызметтік бапта пайдалану үшін» немесе «ҚБПҮ» белгісі қойылады.

Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, валюталық-қаржылық және басқа да кәсіпкерлік қарым-қатынасты, оның ішінде шетелдік серіктестермен қарым-қатынасты жүзеге асырған кезде Кәсіпорын жасалатын шартта құпиялылық шартының болуын қарастырады немесе коммерциялық құпия болып табылатын мәліметтің сипаты, құрамы, сондай-ақ заңнамаға сәйкес оның сақталуын қамтамасыз етудің өзара міндеттері туралы айтылған қосымша шарт жасалады.

  1. Кәсіпорынның коммерциялық және/немесе қызметтік құпиясын қамтитын мәліметтердің ашық жариялану қажеттілігін, оның көлемін, формасын және жариялану мерзімін (ұсыну) Кәсіпорын Басшысы анықтайды.
  2. Шарт немесе сенімгерлік негізінде алынған ақпарат немесе ортақ қызметтің нәтижесі болып табылатын ақпарат тек серіктестердің ортақ келісімі арқылы ғана ашық жариялым үшін қолданылады.

 

  1. Кәсіпорынның коммерциялық және қызметтік құпиясын қамтитын ақпараттарға рұқсат

 

  1. Кәсіпорынның коммерциялық және қызметтік құпиясын қамтитын мәліметтерді алуға Жалғыз қатысушының, Байқау кеңесі мүшелерінің, Кәсіпорын басшылығының, Байқау кеңесі Хатшысының, құрылымдық бөлімшелер басшыларының осы құжаттармен жұмысты ұйымдастыратын ісқағаз жүргізуге және хатшылық қызметке жауапты тұлғаның рұқсаты бар.

Кәсіпорынның басқа қызметкерлеріне коммерциялық және қызметтік құпияны қамтитын ақпаратты тек өздерінің қызметі үшін қажет көлемде ғана алуға рұқсат етіледі.

  1. Кәсіпорын қызметкері Кәсіпорынның коммерциялық және қызметтік құпиясын қамтитын мәліметті алуға рұқсатты еңбек шартының ажырамас бөлігі болып табылатын осы мәліметтерді жарияламау жөніндегі құжатқа қол қойғаннан кейін ғана ала алады.

Кәсіпорынның коммерциялық және/немесе қызметтік құпиясын қамтитын мәліметке өзінің қызметтік міндеттері шегінде рұқсаты бар қызметкер, сондай- ақ осындай ақпарат сеніп берілетін қызметкер Кәсіпорынның тиісті бөлімі арқылы осы Нұсқаулықпен танысуы керек.

  1. Кәсіпорынның коммерциялық және қызметтік құпиясын қамтитын құжаттар Кәсіпорынның құрылымдық бөлімшелерінде сақталады, ол бөлімшелердің құзыретіне осы құжаттарда көрсетілген ақпарат енуі тиіс.

Бір құрылымдық бөлімше қызметкері басқа құрылымдық бөлімшеде сақталып тұрған коммерциялық және/немесе қызметтік құпияны алу үшін соңғы аталған құрылымдық бөлімше басшысының рұқсатын алуы керек.

  1. Коммерциялық немесе қызметтік құпияны қамтитын ақпаратқа рұқсаты бар қызметкерлер коммерциялық және қызметтік құпияны қамтитын құжаттарды қолданыстағы заңнамаға, осы Нұсқаулыққа және еңбек шартының талаптарына сәйкес есепке алу, қолдану, көбейту, сақтау және жоюдың белгіленген тәртібін сақтауға жауапты.
  2. Қызметкерлер жұмысқа қабылданған күннен бастап және еңбек шарты бұзылған сәттен бастап бес жыл бойы қызметі бойынша белгілі болған коммерциялық және қызметтік құпияны сақтауға міндетті, осындай ақпараттың жариялануына әкеп соқтыруы мүмкін басқа тұлғалардың іс-әрекеттерін тоқтатуы тиіс.
  3. Өзге ұйымдардың қызметкерлері Кәсіпорынның коммерциялық немесе қызметтік құпиясымен осы ұйым мен Кәсіпорынның арасында құпиялылық туралы келісім мен/немесе шарт, сондай-ақ олар жұмыс істейтін ұйымның жазбаша дәлелді сұрауы болған жағдайда таныса алады. Бұл дәлелді сұрауда орындалып жатқан тапсырманың тақырыбы, қызметкердің аты-жөні көрсетілуі тиіс.

 

  1. Құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету. Олардың бар болуын тексеру.

 

  1. Кәсіпорынның коммерциялық және қызметтік құпиясын қамтитын құжаттар олардың физикалық сақталуын қамтамасыз ететін қызметтік үй- жайларда орналасқан металл шкафтарда (жәшіктерде), берік бекітілетін және жанбайтын сейфтерде сақталуы тиіс.
  2. Коммерциялық және/немесе қызметтік құпия сақталған компьютерлер міндетті түрде парольмен қорғалуы керек.
  3. Коммерциялық және/немесе қызметтік құпиядан тұратын құжаттардың түпнұсқасы немесе көшірмесі орындаушының тапсырманы орындауы үшін қажет мерзім ішінде оның қолында болуы мүмкін. Ол оны өзінің жеке жауапкершілігіне алып, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету шартымен жүзеге асыра алады.
  4. Қызметкерлердің қоммерциялық және/немесе қызметтік құпиядан тұратын құжаттардың түпнұсқасы мен көшірмесін жұмыс үстелінде, желілік принтерде және ксерокста қалдыруына жол берілмейді.
  5. Коммерциялық және қызметтік құпиядан тұратын құжаттардың жоғалу немесе ондағы мәліметтердің жариялану фактісі шұғыл түрде құрылымдық бөлімшенің басшысына және ісқағаз жүргізу мен хатшылық қызметке жауапты Әкімшілік бөлімнің қызметкеріне айтылады. Бұл ретте аталған тұлғаларға құжаттардың жоғалу мән-жайы айтылуы тиіс.
  6. Коммерциялық және қызметтік құпиядан тұратын құжаттардың жоғалу немесе ондағы мәліметтердің жариялану фактісін қызметтік тексеру үшін Кәсіпорын Басшысының бұйрығымен комиссия құрылуы мүмкін. Бұл фактілерді тексеру барысында комиссия жинаған материалдар және комиссияның тексеру нәтижесі туралы қорытындысы (акт) кінәлі тұлғаларды заңнамамен белгіленген жауапкершілікке тартуға негіз болады.
  7. «Құпия», «Қызметтік бапта пайдалану үшін» немесе «ҚБПҮ» белгісі қойылған құжаттарды қабылдау, есепке алу және олармен жұмыс істеу тәртібі Кәсіпорынның ісқағаз жүргізу нұсқаулығына сәйкес жүзеге асырылады.

Ісқағаз жүргізу мен хатшылық қызметке жауапты Әкімшілік бөлімнің қызметкері осы құжаттардың бар болуын жылына кем дегенде бір рет тексереді.

 

  1. Комерциялық құпиядан тұратын мәліметтерді қолдануға байланысты шектеулер.
  2. Кәсіпорынның коммерциялық және қызметтік құпиясына рұқсаты бар қызметкерлер міндетті:

1) орындап жатқан қызметіне байланысты болған коммерциялық және қызметтік құпияны сақтау;

2) осы Нұсқаулықтың, басқа ережелер мен бұйрықтардың коммерциялық және қызметтік құпияны сақталуын қамтамасыз ету бойынша талаптарын орындау;

3) бәсекелестік әрекетте Кәсіпорынға нұқсан келтіруі мүмкін қызметте коммерциялық және қызметтік құпия туралы ақпаратты қолданбау;

4) жұмыстан шыққан жағдайда коммерциялық және қызметтік құпиядан тұратын ақпараттар сақталған барлық тасымалдаушыларды тікелей басшысына немесе қабылдау-табыстау актісінде көрсетілген тұлғаға береді;

  1. Қызметкерлерге:

1) бөгде тұлғалардың немесе бұл мәселелер құзыретіне жатпайтын Кәсіпорынның басқа қызметкерлерінің көзінше Кәсіпорынынң коммерциялық және/немесе қызметтік құпиясына қатысы бар әңгіме жүргізуге;

2) басшылықтың тиісті тапсырмасы немесе рұқсаты болмаса, коммерциялық және/немесе қызметтік құпиядан тұратын мәліметтерді ашық баспаға шығаруға арналған мақалаларда, құжаттарда, көпшілік алдында сөз сөйлеуде, сұхбатта және т.б. үшін қолдануға;

3) коммерциялық құпиядан тұратын мәліметті жеке мәселесіне байланысты жазылған арыздарда, шағымдарда, өтініштерде жазуға;

4) жеке дәптеріне, қойын дәптеріне, жеке компьютеріне коммерциялық құпияны ашатын жазбаларды жазуға;

5) тиісті рұқсат алмай, коммерциялық және/немесе қызметтік құпиядан тұратын құжаттардың көшірмесін жасауға;

6) жұмыс үстеліне жұмыс үшін қажет емес коммерциялық және/немесе қызметтік құпиядан тұратын құжаттарды жинауға;

7) Кәсіпорын басшыларының, жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшелердің рұқсатынсыз коммерциялық және/немесе қызметтік құпиядан тұратын құжаттарды үй-жайдан, кеңседен шығаруға;

8) «Құпия», «Қызметтік бапта пайдалану үшін» немесе «ҚБПҮ» белгісі қойылған, сондай-ақ коммерциялық және қызметтік құпиялардан тұратын басқа да құжаттардағы және басылымдардағы мәліметтерді ғаламдық және жергілікті ақпараттық желілерге жариялауға тыйым салынады.

 

  1. Жауапкершілік

 

  1. Коммерциялық немесе қызметтік құпияны жариялаған немесе заңсыз пайдаланған жағдайда қызметкер Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіптік, азаматтық-құқықтық және басқа да жауапкершілікке тартылады.

__________________________

 

Коммерциялық және қызметтік құпиясының

сақталуын қамтамасыз ету бойынша нұсқаулыққа

                                                                          Қосымша

 

 

Коммерциялық және қызметтік құпиясынан тұратын мәліметтердің тізбесі

  1. Келесі мәліметтер ШЖҚ «Облыстық перинаталдық орталық» МКК-ның (бұдан әрі – Кәсіпорын) коммерциялық құпиясын құрайды:

1) Кәсіпорын басшылығы мен органдарының өндірістік, коммерциялық, ұйымдастырушылық және басқа да мәселелер бойынша жеке шешімдерін даярлау, қабылдау және орындау туралы мәліметтер (Кәсіпорын органдары мен лауазымды тұлғаларының шешімі және одан туындайтын материалдар мен құжаттар);

2) Кәсіпорынды дамыту стратегиясы туралы мәлімет;

3) ресми түрде жарияланбаған инвестиция жоспары, нарыққа шығарылатын жаңа тауар, өнім және қызмет туралы мәліметтер;

4) маркетингтік зерттеу бағыттары және нарықтық конъюнктураның даму жағдайы мен келешегін бағалаудан тұратын нарықты зерттеу нәтижесі туралы ақпарат;

5) бастапқы құжаттардың мазмұны, оның ішінде: − банк құжаттары (операциялар бойынша банктік шоттар);

− касса құжаттары (ақшалай қаражатты кіріске алу және жұмсау, касса қалдығы)

− Кәсіпорын қызметкерлеріне еңбекақыны есептеу, материалдық көмек көлемі, сыйлықақы туралы ақпарат.

6) бухгалтерлік есеп тіркелімінің мазмұны;

7) ішкі бухгалтерлік есептілік мазмұны;

8) кредиттік мекемелерде және басқа ұйымдарда (банктер) ашылған есеп айырысу шоттар және т.б. шоттар, оның ішінде шетел валютасында ашылған шоттар туралы мәлімет, осы шоттардағы қаражат қозғалысы және онда қалған қаражат қалдықтары, банктердегі салымдар туралы, оның ішінде шетел валютасындағы салымдар туралы мәлімет;

9) қаржылық құжаттар:

− Кәсіпорын бюджетінің мазмұны;

− Кәсіпорынның даму жоспарының (қаржылық-шаруашылық қызмет жоспары) мазмұны;

− серіктестермен есеп айырысу, Кәсіпорынның дебиторлық және кредиторлық берешегі туралы мәлімет;

10) Кәсіпорынның баға ұсыныстарды сұрату арқылы сатып алуға қатысуы үшін ұсыныс даярлауы;

11) белгіленген рәсімге сәйкес әлеуетті өнім берушілерге ашқанға дейін Кәсіпорынның конкурстық ұсынысы;

12) отандық және шетелдік мердігерлер, өнім беушілер, қарсы әріптестер (контрагенттер), демеушілер, инвесторлар, делдалдар туралы, сондай-ақ олармен қарым-қатынас, олардың қаржылық жағдайы, келісімшарт талаптары және ашық дереккөздерде болмайтын басқа да мәселелер бойынша есеп беру;

13) сенімгерлік негізде Кәсіпорынға берілген ұйым-серіктестердің коммерциялық құпиясы (құпиялылық туралы келісім жасалды);

14) іскерлік серіктестермен келіссөздер жүргізуге дайындық және оның нәтижесі туралы мәлімет;

15) Кәсіпорын жасайтын және жасаған мәмілелер, оның ішінде жасайтын және жасаған шарттар, оның мәні, мазмұны, бағасы және басқа да маңызды талаптары;

16) Кәсіпорынның штаттық кестесі және штаттық орналастыру;

17) күзет дабылдамасы жүйесін ұйымдастырудың тәртібі мен жағдайы туралы мәліметтер;

18) Кәсіпорынның коммерциялық және қызметтік құпиясының қорғалу тәртібі мен жағдайы туралы мәліметтер;

19) медицина ғылымы мен техника саласы бойынша медицина мүмкіндіктерінің сапалық жаңа деңгейін анықтайтын зияткерлік меншік объектісіне, бизнес жүргізудегі ноу-хауға қатысты мәліметтерді ашық дереккөздерге ұсынғанға дейін;

20) Кәсіпорынның ақпараттық жүйесі және қолданылатын қорғаныс тәсілдері туралы мәлімет;

21) құнды қағаздар нарығы туралы заңнамаға сәйкес ашуға болатын ақпараттарды қоспағанда, құнды құжаттар иесі тізілімдерінің жүйесі мен номиналды ұстаушыны есепке алу жүйесіндегі дербес шотта эмиссиялық құнды қағаздардың болуы жөніндегі және олардың иелері туралы, осы шоттардағы эмиссиялық құнды қағаздардың қалдығы мен қозғалысы туралы мәлімет.

  1. Кәсіпорынның қызметтік құпиясын келесі мәліметтер құрайды:

1) Кәсіпорын қызметкерлерінің жеке ісіндегі мәліметтер, оның ішінде жеке деректер;

2) Кәсіпорын персоналының сипаттамасы мен беделіне қойған жеке бағасы;

3) Кәсіпорын актілері (кадрлық, өндірістік бұйрықтар);

4) ведомстволық статистикалық есептілік;

5) Кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысы туралы мәлімет;

6) Кәсіпорынның кадрлық статистикасы.