Created: 07 Шiлде 2020
228

Николай Борисович әрдайым біз үшін өз кәсібіне шексіз адалдықтың, мейірімділік пен даналықтың үлгісі болады

Облыстық перинаталдық орталықтың әкімшілігі мен ұжымы Облыстық перинаталдық орталықтың директоры, жоғары санатты дәрігер, денсаулық сақтау үздігі, еңбек ардагері Николай Борисович Дмитриенконың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Николай Борисович әрдайым біз үшін өз кәсібіне шексіз адалдықтың, мейірімділік пен даналықтың үлгісі болады. Біз оның сарқылмас өмірлік энергиясын, өмірге деген құштарлығын, жоғары рухани және этикалық қасиеттерін мәңгі есте сақтаймыз. Оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады!

 

Николай Борисович 1949 жылы 5 қарашада Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласында дүниеге келген. 1967 жылы Жарсуат мектебін бітірді. 1976 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген. Институтты бітіргеннен кейін, бөлу бойынша Орал қаласына жіберіліп, өзінің еңбек жолын №2 перзентханада акушер-гинеколог ретінде бастады.

1984 жылы №3 перзентхананың бас дәрігері болып тағайындалды.

1994-2001 жылдары БҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды.

2001 жылы Батыс Қазақстан облыстық басқармасының аттестаттау комиссиясының шешімімен «Денсаулық сақтауды ұйымдастырушы» мамандығы бойынша жоғары біліктілік санаты берілді.

2001-2005жылдар аралығында Облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры болып жұмыс істеді.

2005 жылдың қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ШЖҚ «Облыстық перинаталдық орталық» МКК директоры қызметін атқарды.

Николай Борисович Дмитриенко өзінің саналы ғұмырын медицинаға арнады, онда 44 жыл жұмыс істеді.

Николай Борисович өзінің тәжірибесі мен кәсібилігін облыстың кейінгі көптеген жетекші дәрігерлеріне табыстай білді.

Талантты, дана басшы, шебер ұйымдастырушы, мәселелерді сындарлы шеше білді, әріптестерінің арасында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Жауапты, еңбекқор, акушерия және гинекология, анестезиология және реаниматология саласында ауқымды білімі болды. Барлық мәселелерде тек оң нәтижелерге қол жеткізе білді. Николай Борисовичтің акушерлік тәжірибені жетілдіруге ұмтылысының арқасында 2009 жылдан бастап перинаталдық орталықта ДДҰ ұсынған перинаталдық күтімнің тиімді технологиялары енгізілді, бұл облыстағы ана мен неонаталдық өлім-жітімді төмендетуге мүмкіндік берді.

Оның басшылығымен облыстық перинаталдық орталық 5 жыл бойы Қазақстанның медициналық ұйымдарының босану бойынша рейтингінде көш бастап келеді.

Николай Борисович «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау үздігі» медалімен, «Шапағат» орденімен, ҚР Президентінің төс белгісімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және БҚО денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Оның тәжірибесі, күш-жігері мен білімі әрқашан бізге үлгі болады.